Сыбайлас жемқорлыққа кімдер бейім?
2016 жыл қорытындысына сүйенетін болсақ, облыс деңгейінде ішкі істер органдары сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы бойынша екінші орыннан көрінген
Бұл, әрине, басқа мемлекеттік органдармен салыстырғанда. Айта кету керек, деректер бойынша аталмыш қылмыс түрінің ең адуынды өкілдері ретінде әкімшілік және жергілікті полиция қызметінің жол полициясы танылған.
- Сараптама бойынша сыбайлас жемқорлық қылмысының ең көп бөлігі Жарма ауданы мен облыстық аппаратта кездеседі. Оларға бұл қылмыс түрінің 50 пайызы тиесілі, - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша филиалы басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев. - Жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша, қатысушы респонденттердің көпшілігі полиция қызметін ең сыбайласқан мемлекеттік орган деп санаған және олардың ішінде ең жиі аталғаны жол полициясы қызметі.
Статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, 2016 жылы облыстық сотта сыбайлас жемқорлық қылмысымен 10 ішкі істер органдары қызметкерлері жазаға тартылған. Ал 2017 жылдың бірінші тоқсанында ғана облыстық ішкі істер органдарына қатысты 80 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде бір адам сотталған. Іс бойынша ол әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырмауы үшін 20 мың теңге көлемінде пара алған.
Сыбайлас жемқорлықтың тәуекелділік факторларының қатарына полиция қызметкерлерінің техникалық жабдықталмауы да жатқызылады. Мысалы, Ішкі істер министрлігінің мекемелік талаптары мен бұйрығы бойынша жол патрульдік полиция қызметкерлері бейнетіркеу құрылғыларымен жабдықталуға тиісті. Ал қалалық полиция қызметінің жүзден астамы мұндай құрылғылармен қамтылмаған.
- Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша біршама ауқымды жұмыстар атқарылады. Жеке құрам күші бойынша инспекциямен 2016 жылы 240 рейд жүргізіліп, 300 құқықбұзушылар анықталды, - дейді ШҚО ІІД басшысының орынбасары Ерлан Жұмаділов. - 2017 жылдың бірінші тоқсанында 61 рейд өтіп, 51 құқықбұзушы ұсталған болатын. Барлық фактілер бойынша қатаң тәртіптік шаралар қолданылады. Ішкі істер органдарынан 10 адам жұмыстан шығарылған.
Облыс орталығы мен Семей қалаларында барлығы 119 автокөлік ішкі және сыртқы бейнебақылау құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Ерлан Советұлының айтуынша, қазіргі таңда қолда бар жұмыс істеп тұрған құрылғылар көзделген бақылау жұмысын тиісті деңгейде орындауға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлық әрекетінің ауқымды көлемі қатардағы патрульдік полицияға тиесілі екені айтылған.
- Мұның басты себебі бұл санаттағы полиция қызметкерлері жалақысының төмендігі мен әлеуметтік пакеттің жоқтығы, - дейді Ерлан Жұмаділов. - Полиция 67 мың теңге жалақы алады. Бүгінгі таңда бұл сома жанұяны асырауға жеткіліксіз. Бұл тақырыпты ІІМ алдында бірнеше рет көтерген болатынбыз. Қазір бұл сұрақтар қарастырылуда.
2016 жыл қорытындысы бойынша қызметтік әрекеттегі тәртіп бұзушылық үшін 2460 қызметкер жауапқа тартылған. Ал әкімшілік жауапкершілікке 76 адам тартылған. Былтырғы жылы тәртіптік жазаға 216, ағымдағы жылы 65 қызметкер тартылды. Барлығы 28 адам жұмыстан шығарылды.
- Мысалы, ағымдағы жылдың 16 мамырында Үржар ауылында 5 полиция қызметкері бұзықтық бойынша оқиға орнына шақырылып, қылмыстық құқықбұзушылыққа ешқандай шара қолданбаған, - дейді Ерлан Советұлы. - Полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне наразы зардап шегуші азамат олардың үстінен арыз жазған. Қызметкерлердің барлығы жұмыстан шығарылды. Ал былтырғы жылы 10 полиция қызметкері мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталып, олардың барлығы тегіс қызметінен босатылды.
ІІД қатарына қосылу қаншалықты қатаң болса, сол сияқты бұл қызметті атқаруда үлкен жауапкершілік артады. 2017 жылдың бірінші тоқсанында жазаланған 654 қызметкердің 193-і басқарушылық құрамға жатады.
Дос Сапар