Балалар үшін апатты күн анықталды
ШҚО Ішкі істер департаментінің мәліметтері бойынша оқушылардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көп жағдайда аптаның дүйсенбісінде орын алады
Нақтырақ таңғы сағат сегіз бен түске дейін және екіден кешкі алтыға дейінгі уақытта балалар жол-көлік оқиғаларынан зардап шегетін көрінеді. Жалпы, жыл басынан бері облыста кәмелеттік жасқа толмаған оқушылардың қатысуымен 30 оқиға тіркелген. Соның біреуінде бейкүнә бала мерт болса, 29-ы түрлі жарақат алған. Тек үш оқиғада ғана балалар жолды белгіленген орыннан кесіп өтпей, жол-көлік оқиғасы оқушылардың кінәсінен орын алған.
Жаяу жүргінші балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының сараптамасы бойынша дүйсенбі - ең апатты күн болып табылатындығы анықталды, - деп мәлімдеді ШҚО ІІД баспасөз қызметі. - Жазғы демалыс мезгілінде балалардың жарақаттану деңгейі арта түседі. Жолдағы оқыс оқиғаны болдырмау үшін мектепте де, үйде де, тіпті, жай баламен серуендеп жүрген кезде де оған жолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, айтып отыру қажет.
Тәртіп сақшылары ескерткендей, әсіресе балалар жазғы лагерьлерден келген уақытта жол ережелерін қайталап өту керек. Өйткені бұл уақыт аралығында ол қаладағы көліктердің дамылсыз қозғалысы мен сақтық ережелерін ұмытып кетуі де мүмкін.