Өскемендегі ең қауіпсіз жаяу жүргінші жолы анықталды
Жергілікті полиция мен ШҚО ІІД қызметкерлері облыстық СӨС орталығымен бірлесіп ерекше әлеуметтік сынақ жүргізді
Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше соңғы жарты жылда облыста 241 ЖКО тіркеліп, онда 24 адам көз жұмса, 233-і жарақаттанған. Осы апаттардың 47 жағдайы жаяу жүргіншілердің кінәсінен орын алған.
- «Жаяу жүргінші болу оңай емес» әлеуметтік сынағы – өскемендік жүргізушілердің заң талаптарын қаншалықты сақтап, ұстанатындықтарын тексеретін ерекше сынақ, - деді ШҚО ІІД баспасөз қызметі. - Аталмыш сынақтың мақсаты – қала көшелеріндегі ЖКО алдын алу.
Жақында ғана қаланың ең қауіпті апаттық аймақтарында арнайы бағдаршамдар орнатылған болатын. Олардың ішіндегі ең қауіпсізі деп Бурова көшесіндегі, Пушкин атындағы кітапханаға қарама-қарсы орналасқан бағдаршам табылған.
- Жасым егде тартқандықтан жолдан тез жүріп өте алмаймын, - дейді 88 жасар зейнеткер Мария Слюсарева. – Соған қарамастан, жүргізушілер мен жолдан өткенше асықпай тосып тұрады. Біреудің дегбірсізденіп дабыл қаққан немесе жол бермей өтіп кеткені болған емес.
Сынақ соңында қатысушылардың барлығына сыйлықтар мен жолдағы қауіпсіздік туралы бүктемелер табысталды.