Өскемендегі "Восток" стадионы мамырға дейін толықтай жөнделеді
9 мамырда ҚР футбол премьер-лигасының алғашқы матчы өтеді

Бүгін өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов "Алтай Өскемен" командасының ойыншыларымен, жаттықтырушыларымен кездесіп, стадиондағы жөндеу жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы біздің футбол клубымыз бірінші лиганың 20 командасы арасында қола жүлдегер атанып, еліміздің басты біріншілігінде өнер көрсету құқығына ие болды.
Өңірдің басты футбол аренасы болып табылатын "Восток" стадионы 1963 жылы пайдалануға берілген. Модернизациядан кейін ол бір уақытта 8,5 мың көрерменді қабылдай алады.
Қазір спорт нысанында Қазақстан Премьер-лигасының талаптарына сай болатындай, ең жоғары деңгейдегі матчтарды қабылдай алатындай жағдай жасалуда. Ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр: ойыншыларға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, жуынатын бөлмелері, медициналық кабинет жаңартылды. Инженерлік желілері жаңартылып, қонақтар мен БАҚ өкілдеріне арналған орындар қарастырылған. Сондай-ақ заманауи VAR жүйесі, VIP секторы, LED-борттар жасалады, жарықтандыру жүйесі күшейтіледі. Алаңдағы жасыл шөп жамылғысы да жаңартылады.
Ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Барлық жұмыстар сәуір айының соңына дейін толық аяқталуы тиіс, өйткені бірінші матч 9 мамырға жоспарланған, - деп атап өтті ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов. — Барлығы толықтай қаржыландырылып, құрылыс материалдары мен ұйымдастыру іс-шаралары уақтылы және жүйелі түрде іске асырылуда. Ең бастысы - "Алтай Өскемен" командасының ойыншылары да жақсы формада. Олар Астана мен Алматыда өткен матчтарда өз шеберліктерін көрсетті. Болашақта осы стадионда команда жанкүйерлерін жарқын жеңістермен тағы да қуантатынына сенімдімін.
Өңір басшысы Шығыс Қазақстан облысында халықаралық деңгейдегі жабық футбол стадионын салу жобасы қандай сатыда екенін де атап өтті.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыста бұқаралық спортты дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өздеріңіз білетіндей, футбол - мыңдаған жанкүйерлерді біріктіретін спорт түрі. Осыған байланысты облыс орталығында УЕФА талаптарына сәйкес келетін жабық футбол стадионын салу туралы шешім қабылданды. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайын, сараптамадан өтуде. Егер бәрі ойдағыдай болса, қыркүйек айының соңына дейін сараптама қорытындысы шығып, барлық қажетті рәсімдерді аяқтап, құрылыс жұмыстарына кірісеміз, - деп түйіндеді Нұрымбет Сақтағанов.





