"Алтайым – алтын бесігім": Өскеменде ауқымды өнер додасы өтті
Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облысының командалары өзара өнер жарыстырды

Шығыстың өнерпаздары келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО-да "Алтайым – алтын бесігім" атты республикалық командалық айтыс өтті. Бұл айтыс – бұрынғы айтыстан өзгеше. Өйткені командалық сынға әр өңірдің ақындары ғана шықпай, дәстүрлі өнерпаздары да қатысты. Ұлттық деңгейдегі мега-жобаның қатысушылары айтыстың сүре, түре, қайым және қыз бен жігіт айтысы түрлері бойынша сынға түсті. Сонымен қатар жыршы, термеші, дәстүрлі әнші және күйшілердің шеберлігі де бағаланды. Әр командада 10 адамнан болды. Шығыс Қазақстан облысының командасын ақын Серік Құсанбаев, ал Қарағанды облысының командасын ақын Айтбай Жұмағұлов бастады.
Айта кету керек, бұл ерекше форматтағы жоба 2024 жылдан бері "AMANAT" партиясының қолдауымен жүзеге асып келеді.
Алғашқы сайыс бір жарым жылға айналып барып аяқталған еді. Шығыстың өнерпаздары ол сайыста екінші айналымға өтпей қалған. Сондықтан биыл команданың дайындығын үнемі қадағалап отырдық, - дейді ШҚО командасының жетекшісі Серік Құсанбаев. - Бұрын айтыс жеке кәсіпкерлердің қолдауымен өтіп жүретін. Қазір айтыс өзінің жанашырын, қамқоршысын тапты, мемлекеттің қарамағына көшкен. Сайын далада өңірлерді байланыстырып келе жатқан ұлы көш – өнер керуені бүгінгінің қарақшыларынан аман өтіп, өзінің көздеген мәресіне жетуіне тілектеспін.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қолдауымен өткен өнер додасының тізгінін Аманжол Әлтайдың өзі ұстап, қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман бастаған мәдениет және әдебиет саласындағы айтулы азаматтар төрелік етті.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов айтыс - ұлттың жаны, төл өнердің ұлы көші екенін жеткізді.
Осы дүбірлі көшке шығыс өңірінде біз де өз үлесімізді қосып, барынша қолдау білдіріп келеміз, - деді облыс әкімі. - Былтыр ашылған Ақтан Нұрбаев атындағы облыстық ақындар мектебі өнерге ынтасы бар талай жастың қанатын қатайтып, талабын шындап, топқа қосып келеді. Жыл сайын шығыста республикалық, халықаралық екі айтысты дәстүрлі түрде өткізіп отыруды жолға қойдық. Оның сыртында аудандарда өңіріміздегі ақындарды түгел қамтыған облыстық айтыстар өткізу жоспарда бар.
Өнер додасында Шығыс Қазақстан құрамасы 156:154 есебімен қарсыластарынан оза шауып, келесі кезеңге жолдама алды. Әр топтың мүшелері облыс әкімінің сый-сияпатына ие болды.
Айта кету керек, додаға еліміздің барлық өңірінен 20 команда қатысады. Өнер сайысы олимпиадалық жүйе бойынша төрт кезеңде өтеді:
- бірінші кезеңде – 20 команда
- екінші кезеңде – 10 команда
- үшінші кезеңде – 4 команда
- төртінші кезеңде – 2 команда бақ сынайды




