Өскеменде түрмеге есірткі мен Wi-Fi роутерін лақтырмақ болған адам ұсталды
Кеше кешкі уақытта бәзбіреу №22 түзеу мекемесіне тыйым салынған заттар енгізбек болған

"Заслон" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заң бұзушы қолға түсті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ұлттық ұланының 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, №1 учаске маңындағы аумақта тыйым салынған заттарды лақтыруға әрекет жасаған азаматты ұстады, - деп хабарлады "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі. - Жеке тексеру барысында ұсталған азаматтан өзіне тән иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған екі түйіншек және қуаттағыш құрылғысымен бірге "Altel 5G" Wi-Fi роутері тәркіленді.
Аталған дерек бойынша тиісті процессуалдық шаралар жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.