Шығысқазақстандық дәрігерлер Израильден аман-есен оралды
ШҚО-дан 7 медициналық маман 20 ақпанда Израильге жоғары технологиялық медициналық білімдерін жетілдіру үшін аттанған болатын

Бүгін жерлестеріміз үйлеріне жеткізілді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Азаматтарымыз әлемнің қай қиырында жүрсе де оларға өз мемлекеті – Қазақстан Республикасы қамқор болып, көмек қолын созуға дайын" екенін баса айтқан болатын. Осы қағида бойынша шиеленіс сәтінде шетелде жүрген дәрігерлердің қауіпсіздігі қадағаланып, дереу елге қайтару жұмыстары ұйымдастырылды.
Мамандар жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапиясы және реанимациялау; хирургия, акушерлік және гинекологиядағы анестезиология; ірі буындарды эндопротездеу, икемді эндоскопия және диабеттік аяқтың емі бойынша білім алды. Олардың алған тәжірибесі облысымыздағы медициналық көмек сапасын арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге септігін тигізеді.
Жағдай күрделене бастаған сәттен бастап бірден Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілдері және медициналық ұйымдардың басшылығы байланысқа шықты. Қажетті ақпарат беріліп, қауіпсіздік шаралары түсіндірілді, - деп атап өтті мамандар.
Сондай-ақ елге оралу мәселесі жедел түрде ұйымдастырылып, барлық қажетті қолдау көрсетілген.