ШҚО-да мемлекеттік қызметтегі әйелдер жайлы альбом жарық көрді
Танымдық электрондық альбомда өңірдің мемлекеттік қызмет саласына елеулі еңбек сіңірген қыз-келіншектердің тағылымды тағдыры мен кәсіби жолы жайлы жазылған

"Мемлекеттік қызметтегі әйел көшбасшылар" танымдық электрондық альбомын шығаруға ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаменті ұйытқы болған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгінде мемлекеттік қызметте жүрген әйелдер білікті және тәжірибелі кәсіби маман ретінде өзгелерге үлгі бола отырып, оларды ілгерілетуге үлес қосуда. Электрондық альбом – Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызмет саласында елеулі жетістіктерге жеткен, басқарушылық тәжірибесі мен қоғамдық қызметі арқылы ел дамуына үлес қосқан әйелдердің кәсіби жолын зерделейтін ақпараттық-талдамалық ресурс. Бұл жоба гендерлік теңдік қағидаттарын нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесіндегі әйелдердің көшбасшылық әлеуетін ілгерілетуге бағытталған.
Жалпы бүгінгі таңда өңірде мемлекеттік қызметте 3964 адам еңбек етіп жатса, оның 70 пайызы әйелдер қауымы екен. Оның ішінде 474 әйел басшылық қызмет атқарып отыр.
Мемлекеттік қызметте 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп жүрген қыз-келіншектердің өмірбаяны. Әр арудың өмірбаянын оқи отырып, егемен елімізді қалыптастыру жолында қазақ әйелдерінің қандай қиындық кешкенін, қандай үлес қосқанын аңғаруға болады. Бұл бүгінгі жас ұрпаққа, мемлекеттік қызметті таңдаған жастарға үлгі болады, - дейді альбомды құрастырушы, академия филиалының доценті Айгүл Сейлхан. – Альбом 5 тараудан тұрады: "Мемлекеттік қызметтегі ардагер ханымдар", "Көшбасшы ханымдар", "Мәслихаттағы іскер ханымдар", "Көпбалалы мемлекеттік қызметші аналар", "Мемлекеттік қызметтегі іскер арулар мен аналар". Облыстағы барлық аудан-қалалардан барлығы 101 қызметкердің есімі енгізілген.
Айта кетк керек, бұл электрондық альбомды болашақта қағазға басып шығару да жоспарлануда.


