Погонды арулар нәзік болса да тәртіп пен қауіпсіздіктің сенімді тірегі
Мадина Махатқызы - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың бірі

Ол Өскемен қалалық ПБ Ертіс ПБ Штаб қызметкері, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Полиция капитаны Мадина Хабитханова құқық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2016 жылдан бастап, Өскемен қ. ПБ Ертіс ПБ кезекші бөлімінде 4 жыл бойы қызмет атқарған. Бұл кезең оның тәжірибесін шыңдап, кез келген жағдайға жедел әрі сауатты әрекет етуіне үлкен негіз болды.
2020 жылы Өскемен қ. ПБ Ертіс ПБ штаб бөліміне ауысады. Штаб қызметі - полиция бөлімінің жүрегі іспетті. Мұнда тәртіп пен үйлесімділік, жеделдік пен дәлдік қатар жүреді. Күнделікті қызмет барысында құжат айналымын жүйелеу, жедел ақпаратты талдау, бөлімшелердің жұмысын үйлестіру секілді жауапты міндеттер атқарылады.
Осындай күрделі әрі тиянақтылықты талап ететін салада әйел қызметкердің табандылығы мен кәсібилігі ерекше құрметке лайық.
Бұл мамандықты таңдауым да кездейсоқ емес. Ата-анам ұзақ жылдар бойы әскери қызметте абыроймен еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан. Бала күнімнен тәртіп пен жауапкершіліктің не екенін сезініп өстім. Кішкентайынан форма киген жандарға қызыға қарап, олардың елге қызмет ету жолын өзіме үлгі тұттым. Бүгінде сол арманым орындалды, - дейді Мадина Махатқызы.
Қызметте абыройлы маман отбасы құндылықтарын да биік қояды. Бүгінде ол - екі бала тәрбиелеп отырған аяулы ана.
Бүгінгі полиция қатарындағы әйелдер тек мейірім иесі ғана емес, сонымен қатар тәртіп пен қауіпсіздіктің сенімді тірегі екенін күн сайын дәлелдеп келеді.