Өскемендегі жаңа көпір құрылысы бойынша жоба әлі де әзірлік үстінде
Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы бойынша мемлекеттік сараптама жазда дайын болмақ

Бұл туралы Үкімет отырысында аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өткен жылы ауылдық елді мекендерге апаратын 90 шақырым кірме жолға 3,8 млрд теңгеге және негізгі туристік рекреациялық аймақтарға апаратын 160 шақырым жолға 5 млрд теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Жұмыстар биыл да жалғасады. Туристік бағыттар бойынша 114 шақырым жолды және ауылдық елді мекендерге апаратын 100 шақырымнан астам кірме жолды жөндеумен қамту жоспарлануда. Шығыс Қазақстан облысының автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы 10,6 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде өткен жылы жол-көлік инфрақұрылымның нысандарын жөндеу және салу бойынша 30 млрд теңгеге 355 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелері қамтылды, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ облыс әкімі Шемонаиха қаласындағы құны – 7,7 млрд теңге болатын Үбі өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жобасы әзірленгенін атап өтті. Өскемен қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы бойынша жоба әзірленуде. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу – осы жылдың шілде айына жоспарланып отыр.
"E-Joldar" платформасын жүзеге асыру аясында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына цифрлық паспорттары әзірленді. Биыл бұл жұмыс аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көше-жол желісінде жалғасатын болады.
Сондай-ақ биыл ауыспалы жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру және облыстың 300 шақырымнан астам автомобиль жолдары мен көшелерін қамтитын жаңа жобаларды іске қосу көзделуде. Аталған мақсаттарға шамамен 20 млрд теңге бағыттау жоспарлануда.