Сенат депутаттары Өскемендегі әскери бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысты
Депутаттар Шәкәрім Бұқтұғұтов пен Ольга Булавкина Өскемен қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөліміне арнайы барып, бөлімнің қызметімен және әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайын көріп қайтты

Сондай-ақ сарбаздарға 15 наурыз күні өтетін Референдумның маңызы туралы түсіндірді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Әскери бөлімдегі тәртіп, тазалық пен қауіпсіздік талаптарының сақталуы, жауынгерлерге жасалған тұрмыстық жағдайлар халық қалаулыларының назарынан тыс қалмады.
Кездесу аясында депутаттар жеке құраммен жүздесіп, алдағы референдумға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар референдумның маңызына тоқталып, Жаңа Конституция ел дамуындағы жаңа бір қадам екенін айтты. Сондықтан әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігі маңызды. Әскери қызметкер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты.
Бұл жұмыс сапары барысында Шәкәрім Бұқтұғұтов пен Ольга Булавкина әскери қызметшілердің жағдайымен танысып, оқу-жаттығу барысын көрді. Біз де өз дайындық деңгейімізді көрсетуге мүмкіндік алдық. Референдумға қатысты түсіндіру жұмыстары да өте мазмұнды өтті. Ел болашағына қатысты маңызды мәселелер жөнінде ақпарат алдық. Мұндай кездесулер әскери қызметшілердің азаматтық ұстанымын нығайтып, жауапкершілігін арттыруға сеп, - деді 27943 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Нұрлан Кисенов.