ШҚО-да сүт өндіру көлемі 2030 жылға қарай 36%-ға артпақ
Елде мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілгенін

Облыс әкімдігінде ауыл шаруашылығы саласына қатысты өткен жиналыста өңірде атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
2030 жылға қарай Шығыс Қазақстандағы мал санын 53%-ға ұлғайту көзделген. 2026 жылы ірі қара мал басының өсімі 5%-ды, қой мен ешкі басының өсімі 4%-ды құрауы тиіс. Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрі бойынша сою салмағындағы ет өндірісі алдағы 4 жылда 40%-ға өседі деп күтілуде. Ал сол мерзімге дейін ауыл шаруашылығы құрылымдарымен сүт өндіру көлемін 36%-ға арттыру жоспарланып отыр,- деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дамир Мамиев.
Кешенді жоспарды іске асыру мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, оның тиімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ауылдарда қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек.
Әр қала, аудан әкімі 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының индикаторларын іске асыруды бастап, жоспардың орындалуы туралы ай сайын есеп беріп отыруы тиіс. "Игілік" несие беру бағдарламасы іске қосылғанға дейін, несие қаражатына қажеттілікті одан әрі анықтау үшін асыл тұқымды мал сатып алатын әлеуетті қарыз алушылар пулын құру қажет,- деді облыс әкімінің кеңесшісі Нұрымбет Сақтағанов.