ШҚО мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы 500 млн АҚШ долларынан асқан
Оның ішінде экспорт көлемі 360 млн АҚШ долларынан асса, ал импорт көлемі 170 млн АҚШ долларына жуықтап отыр

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Құдайберген Базарбаевпен екіжақты әріптестікті, аймақаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бауырлас елдеріміздің арасында тығыз қарым-қатынас орнап, өзара байланыс күшейіп келеді. Оның ішінде Шығыс Қазақстан үшін Қырғыз елі сауда-саттық, өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм сынды салалар үшін маңызды серіктес. Әріптестікті одан сайын күшейте түсуге әзірміз, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Құдайберген Базарбаев өз сөзінде аймақтың туристік әлеуетімен танысу үшін Марқакөл мен Катонқарағай аудандарында болып, табиғатына тамсанып қайтқанын жеткізді. Сондай-ақ өңірге Қырғызстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қатысты ұсыныстарын айтты.
Айта кетейік, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысы мен Қырғыз Республикасы арасындағы тауар айналымы 534 213 мың АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға өскен.