Өскемендіктер бір айда 76 млн теңгені алаяқтарға аударған
Жыл басынан бері Өскемен қаласында интернет алаяқтыққа қатысты 58 іс қозғалған. Салыстырмалы түрде 2025 жылғы қаңтар айында осындай 65 іс тіркелген

Былтыр Өскемен қаласында интернет алаяқтық бойынша жалпы 897 адам арызданса, оның 4-7%-ы ғана ашылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Ботаханов атап өткендей, қазір алаяқтардың арбауына түсентіндердің көбі тек зейнеткерлер емес. Интернет алаяқтыққа қатысты жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, жапа шеккендердің 40 пайызы 40-60 жас аралығындағылар.
Оқыған-тоқыған, қаржылық сауаттылығы жоғары азаматтар да әккі алаяқтардың уысына түсіп қалып жатады, - дейді Айдын Серікқалиұлы. – Азаматтар көбінесе маркетплейстер арқылы алданады (зат сатып алу, қызмет алу). Ағымдағы жылдың қаңтар айының өзінде интернеттен зат тапсырыс беріп алданған 37 факт тіркелді. Сондай-ақ банк, заң органдарының қызметкері ретінде қоңырау шалып, азаматтардың есепшоттарындағы қаржыны жымқырып, оларға несие алғызатын алаяқтық әдісі де көп. Мессенджерлер арқылы белгісіз сілтемелерге өтіп, телефонның бұғатталып немесе өшіп қалу жағдайлары да жиі кездеседі. Криптобиржалар арқылы, жалдамалы пәтер/үй хабарландырулары арқылы жасалатын алаяқтық аз емес.
Ақшаның көбі шетелге кетіп жатыр
Өскемен қалалық ПБ киберполиция бөлімі алаяқтардың көбі шетелде отырып, қазақстандықтардың қалтасына түсіп жатқанын айтады. Қарапайым азаматтарды алдап жымқырылған қомақты қаражат шетел асып жатыр.
Республика бойынша статистиканы қарасақ, барлық интернет алаяқтық әрекеттің тек 20-30%-ын ғана ел аумағындағылар жасайды, - дейді Өскемен қалалық ПБ киберполиция бөлімінің жедел уәкілі Мұрат Тоқжігітов. - Ал қалған 70%-ы шетелде орналасқан call-орталықтар арқылы жүргізіледі. Бұл call-орталықтарда 20-50-ге жуық адам жұмыс істейді. Олар компьютер, IP-телефониямен, барлық қажетті ақпаратпен толық қамтылған және алдын ала дайындалған схемамен жұмыс жасайды. Қарапайым тілмен түсіндірсек, 90-шы жылдары базарда сығандар халықты алақанына қарап, бал ашып беремін деп гипнозға енгізіп, қалтасындағыны түгелдей қағып алатын. Бұл да сондай алаяқтық, тек заман талабына сай жетілдірілген түрі. Алаяқтардың арбауына әдетте басында қандай да мәселесі бар, мазасы қашқан немесе жалғызбасты адамдар, зейнеткерлер ілігеді. Адам психологиясын әбден зерттеп, толық дайындалған әккі алаяқтар тұтқаны алған сәттен адамның әлсіз жерінен басып, еркіне көндіріп, ұршықша иіреді.
Осындайда "азаматтар туралы ақпаратты алаяқтар қайдан алады?" деген сауал туындайды. Маман бұл орайда қарапайым интернетке параллель орналасқан жасырын желі - Darknet туралы айта кетті.
Даркнет (Darknet) — интернеттегі Google немесе Yandex сияқты іздеу жүйелерінде индекстелмейтін, арнайы бағдарламаларсыз кіре алмайтын орта. Бұл жасырын желіде қолданушылардың анонимдігі сақталады. Әр юзер оны әр түрлі мақсатта пайдалануы мүмкін.
Хакерлер ойлап тапқан Darknet-те адамдар өзара ақпаратпен бөліседі, есірткі және қару саудалайды. Бұл Darknet-тен кез келген дерекқорды да жүктеп алуға болады. Бұл дерекқор қалай қалыптасады? Мысалы, дүкеннен сауда жасағанда дисконт-карта ашасыз, ол жерге сіздің аты-жөніңіз бен телефон нөміріңіз тіркеледі. Сол сияқты интернет кеңістігіндегі сіз туралы кез келген ақпарат осылай жинақталады. Ал осы дерекқорға қолжеткізген алаяқтар адамдарға қоңырау шалып, түрлі амал-айлалар арқылы арбайды. Әңгіменің әлқисассынан адамның психо-эмоционалық жай-күйін бақылап, күршекке ілінгенше барын салады, - дейді Мұрат Серканұлы.
Егер бұрын алаяқтардың арбауына көбінесе зейнет жасындағылар түсіп қалып жатса, қазір 40-тан асқан адамдар аңғал келеді. Өйткені барлығы тез байып, оңай олжаға ие болғысы келеді, білім алып, жұмыс істеуден көрі ақша табудың оңай жолдарын іздейді. Қажет затты да онлайн тапсырыс беру арқылы үйге алдыруға құмармыз.
Дроперлер 7 жылға бас бостандығынан айырылады
Қаңтар айында тіркелген 58 қылмыстық істің 30-дан астамы маркетплейстермен байланысты. Көбі онлайн-дүкендерден сауда жүргізіп, алдын ала төлем жасайды. Бірақ соңында ақшасыз, тауарсыз қалып жатады. Мысалы, кәдімгі дүкенде 120 мың теңге тұратын ұялы телефонды онлайн-дүкен жеңілдікпен 89 мың теңгеге қойып қояды делік. Арзан бағада сатып алғысы келген адам бұл онлайн-дүкен туралы ешқандай ақпаратты тексеріп алмастан ақшасын төлейді, бірақ тауар келмейді. Алданған адам полицияға жүгінеді. Арыз түскен соң киберқылмысқа қарсы полиция тергеп-тексеру амалдарын бастайды. Біз сатушыны анықтаймыз. Ал ол жеке кәсіпкер өзінің дүкенінің QR-кодын жалға беруі де мүмкін. Яғни, ол үшін алаяқ түскен табыстың 10%-ын жеке кәсіпкерге беріп отырады. Осы жерден тізбек үзіледі, нақты алаяқтың кім екенін анықтау мүмкін емес. Бұл дропперлік әрекет бойынша жеке кәсіпкер өзі жауапқа тартылады, - дейді жедел уәкіл.
Айта кету керек, қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін жауапкершілікті қарастыратын жаңа 232-1-бабы енгізілді: "Банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның ішінде материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеттері дропперлік болып саналады". Бұл әрекет интернет-алаяқтықтың негізгі әдістерінің бірі және ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мен шығару үшін қолданылады. Іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай 232-1-бап айыппұлдан бастап, мүлікті тәркілей отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Қазіргі таңда дропперлік қылмыс бойынша Өскемен қаласында 2 факт тіркелген.
Киберполиция алаяқтармен қалай күресіп жатыр?
Қазір алаяқтарға жымқырған қаражатты шетелге шығару қиынға соғып жатқанын байқауға болады. Оған мемлекет тарапынан жасалып жатқан алдын алу шаралары өз ықпалын тигізді. Банктер аударым сомасына шектеу енгізді (бірден 1 млн теңгеден артық аударым жасалмайды). Қаржыны криптовалюта айналдырып шетелге шығару жағдайлары да көп кездесетін. Президент жақында мұндай заңсыздыққа тосқауыл қою қажеттігін атап өткен, - дейді Өскемен қалалық ПБ киберполиция бөлімінің жедел уәкілі Мұрат Тоқжігітов. - Мемлекет, заң органдары тарапынан болған тосқауылдарға қарамастан алаяқтар да өз әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыратынын айта кету керек. Сол себепті бұл саланы үнемі бақылауда ұстап, үнемі зерттеу жүргізіп отыру маңызды. Басқа қылмыс түрлері бойынша тергеуші өзіне келіп түскен іске қатысты белгілі бір уақыт ішінде қажетті тергеу амалдарын жүргізеді. Егер қылмыс ашылмаса, ары қарай жедел уәкілдер іске кіріседі. Ал интернет алаяқтық ісі бастан-аяқ тергеушінің назарында болуы керек. Мысалы, бір іске қатысты құзырлы мекемелерге сұраухат жолданады, ол сұраухатқа жауап 10-15 күнде келуі мүмкін. Алынған ақпарат бойынша талдау жасалып, тағы бірқатар жұмыс атқарылады. Осы аралықта тағы ондаған адамнан арыз түсуі мүмкін. Осының барлығына бір адам бас-көз болуы керек, жүктеме ауыр.
Дегенмен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы құрылғалы жұмыс жүйелене бастаған. Интернет алаяқтармен күресудің белгілі бір әдістемесі де қалыптасып келеді.
Мәселен, антифрод жүйесі іске қосылды. Бұл алаяқтық транзакцияларды анықтау және бұғаттау, алаяқтық белгілері бар операцияларға жедел ден қою және алаяқтық операциялардың бірыңғай дерекқорын жүргізуге арналған орталық. Осы жүйе арқылы банктерге өтінім жолдаймыз, банктер жедел түрде сол күні есепшоттарды бұғаттайды. Бұрын бұл процеске де бір аптаға жуық уақыт кететін. Осындай жұмыстардың нәтижесінде алаяқтық әрекеттердің азайғанын байқаймыз, - дейді жедел уәкіл.
Бұл салада тәжірибесі мол Мұрат Серканұлы алаяқтардың арбауына көбінесе қоғамнан оқшауланып қалған, жалғызбастылар мен өмірлік қиын ситуацияларға тап болған жандар ілігетінін тілге тиек етті.
Мәселен, 2023 жылы 75 жастағы технология саласының профессоры полициядан көмек сұрады. Ақыл-есі дұрыс, салауатты өмір салтын ұстанатын, білімді, сауатты азамат. Бәзбіреу қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, қылмыскерді ұстау операциясын жүргізіп жатқандарын және ҚР азаматы ретінде атсалысуын талап еткен. Кеңес үкіметінің тәртібімен өскен ол бас тартпаған, өзін заң қызметкерлеріне көмектесіп жатырмын деп сенген. Алаяқтардың сөзіне әбден иланып, солардың жөн сілтеуімен 3 млн теңгеге көлігін сатқан, 17 млн теңгеге пәтерін сатқан. Есепшотында жинаған 9 млн теңгесін қосып, барлығын бір айдың ішінде алаяқтардың шотына аударып жіберген, - деп еске алады маман. – Талдау жүргізе келе зейнеткердің екі баласы көрші елде, өзі Өскеменде жалғыз тұратынын, туыстары да қалмағанын білдік. Осының барлығы адамның жалғыз қалып қойғанынан, ақылдасатын жақындарының жанынан табылмағанынан орын алып отыр. Сананы тұрмыс билеген заманда жақындарымыздың хәлін сұраудан да қалып барамыз. Күні бойы жұмыстамыз, жұмыстан кейін телефонға шұқшиямыз. Адамдардың бір-біріне хәл сұрап хабарласуы, қонаққа келіп шүйіркелесуінің өзі бұндай қылмыстардың алдын алар ма еді.