Алғаш рет Алтайда командалық айтыс өтеді
Қарағанды облысы мен Шығыс Қазақстан облысының өнер майталмандары өзара тартысқа түседі

"Алтайым - алтын бесігім" атты республикалық командалық айтысқа кіру тегін, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Айтысты Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен мәдениет басқармасы ұйымдастырады.
Айтбай Жұмағұлов бастаған Қарағанды облысының өнерпаздары қатарында Дидар Қами (қайым айтыс), Жанарыс Тілеубек (түре айтыс), Нұрмұхамед Байсүгіров (қыз бен жігіт айтысы), Еркеғали Бекболат (сүре айтыс), Балқан Смағұлов (күйші), Ботпай Нұрәлі (жыршы), Шыңғыс Сәрсенбай (дәстүрлі ән), Дәуренбек Аркенов (терме) бар.
Ал шығыстың намысын Серік Құсанбаевтың жетекшілігімен Қуаныш Еркінұлы (түре айтыс), Ардабек Ақбаба (сүре айтыс), Серік Қуанған (қайым айтыс), Жұлдызай Маратбекқызы (қыз бен жігіт айтысы), Талант Мажитов (термеші), Алпыс Жақиянов (дәстүрлі әнші), Ауданбек Жұмабай (жыршы), Естай Матабаев (күйші) қорғайды.
Жеңіске жеткен команда жобаның келесі кезеңіне жолдама алады.
Өнер сайысы 14 ақпан күні сағат 15.00-де ШҚО филармониясында өтеді. Аламан айтысты Аманжол Әлтай жүргізіп, Жүрсін Ерман қазылық етеді.