ШҚО-да пара алған екі шенеунік ұсталды
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы мен Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшылары қамауға алынды

Бірі құрылыс компаниялары мен автобус парктері өкілдерінен пара алды, енді бірі мұғалімдерді мемлекеттік аттестатациядан өткізу үшін ақша алды деген күдікке ілікті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҰҚК-ға сілтеме жасап.
ҰҚК Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алды және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталды, - деп мәлімдеді комитет. - Оның жол құрылыс компаниялары және автобус парктерінің өкілдерінен 134 млн теңге сомасына заңсыз сыйақы алғаны анықталды. Тінту барысында тұрғын үйінен 121,9 млн теңге және 97,7 мың доллар тәркіленген.
Сондай-ақ осы өңірдің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаментінің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Комитет ақпаратына сүйенсек, ол мұғалімдердің мемлекеттік аттестаттаудан өтуіне жәрдемдескені үшін жүйелі түрде ақшалай қаражат алған.
Сот санкциясымен көрсетілген адамдар қамауға алынды.