Сарбаздар емтихан тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады
2023 жылы Астана қаласында мерзімді әскери қызметін өткерген ақтөбелік Ануар Аринов С. Аманжолов атындағы ШҚУ грантын ұтып алды

Бұл мүмкіндікті "Срочник 2.0" мемлекеттік бағдарламасы беріп отыр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Әскери борышын өтеу кезінде ұсынылған бұл бағдарлама жас сарбазға азаматтық өмірде жаңа мүмкіндік сыйлаған. Бір жылдан кейін Ануар университет жанынан ашылған Қабанбай батыр атындағы әскери кафедраға әскери қызметін өткендіктен конкурссыз қабылданды. Қазіргі таңда ол жоғары оқу орнында білім алып қана қоймай, әскери кафедрада да оқып жүр.
Бастапқыда мұндай мүмкіндік болатынына сенбедім. Қазір университетте және әскери кафедрада қатар білім алып жүрмін. Бұйырса, болашақта лейтенант шенін алып шығамын, – дейді Ануар.
Айта кету керек, Ануар әскери отбасында дүниеге келген. Оның әкесі ұзақ жылдар бойы шекара қызметінде еңбек етіп келеді. Сондықтан Отанға қызмет ету Ануар үшін жай міндет емес, өмірлік ұстаным.
Әскери кафедра мұғалімі, запастағы подполковник Айбын Абдулиннің айтуынша, Ануардың әскери тәжірибесі бірден байқалады.
Әскерде болғаны анық көрініп тұр: тәртібі жақсы, жауапкершілігі жоғары, қатарластарына үнемі көмектесіп жүреді, – дейді ол.
Бұл оқиға әскери қызметтің тек борыш қана емес, болашаққа жол ашатын нақты мүмкіндік екенін көрсетеді. "Срочник 2.0" бағдарламасы арқылы көптеген жас сарбаз білім алып, елге қызмет етудің жаңа деңгейіне көтерілуде.

