ШҚО жолдарын күтіп ұстауға 806 арнайы техника жұмылдырылған
Республикалық жолдарда 103 техника, облыстық жолдарда 119 техника тынымсыз қызмет атқарып жатыр, ал аудандық жолдар мен ауыл көшелерінде 584 техника тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуде

Боран күшейіп, жағдай күрделене қалса, іске қосылатын 185 бірлік қосымша техника, сондай-ақ ауыр бульдозерлер мен автогрейдерлерден құралған жедел жасақ бар, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
1 қарашадан бастап облыс жолдары тәулік бойы бақылауда.
Бұл туралы ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Маулетханов айтты.
Жол үстінде қалған жүргізушілер де назардан тыс қалмайды. Климаттық жағдайы қиын аумақтарда жол пайдалану пунктері мен жылыту орындары жұмыс істеп тұр. Мұнда жолаушылар жылынып, демалып, қажетті көмек ала алады.
Қысқа дайындық алдын ала басталды: жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп, 100 тонна техникалық тұз, мыңдаған сигналдық бағаналар мен жол белгілері әзірленді. Қар жиі басатын және көшкін қаупі бар учаскелерде арнайы қалқандар орнатылып, алдын алу жұмыстары жүргізілді, - дейді Ернар Маулетханов. - Биыл қатты қар мен ақтүтек боранға байланысты жолдар уақытша жабылған сәттер де болды. Алайда барлық жағдай бақылауда ұсталып, орташа жабылу уақыты 10 сағаттан аспады, көбіне түнгі мезгілде.