Өскеменде 5 мың орындық жабық футбол стадионы салынады
22-ші тұрғын ауданда орналасатын футбол стадионы екі жылда салынып бітуі тиіс

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен футболды дамыту бойынша жиын өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Былтыр "Алтай Өскемен" футбол клубы араға 13 жыл салып Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған болатын. Осылайша, облысқа үлкен футбол қайта оралды. ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта "Восток" стадионында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал келешекте футболшылар жаңа стадионға көшеді.
Өскеменде жабық футбол стадионын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу соңғы кезеңге өтті. Мемлекеттік сараптамаға ұсыну үшін құжаттар пакеті дайындалып жатыр, - дейді басқарма басшысы Асқар Можанов.
Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ерназ Мұқатаевтың айтуынша, 22-ші тұрғын ауданда орналасатын үсті жабық футбол стадионына 5 мың адам сыятын болады. Ішінде воркаут және балалар ойын алаңдары да орналасады. Сыртта 370 орынға арналған көлік тұрағы ұйымдастырылмақ. Жаңа стадион екі жылда салынып бітуі тиіс.
Өңірімізде футбол спорты қарқынды дамып келеді. Жақсы нәтижелер де бар. Жергілікті клубтың жанкүйерлері көбейіп, балалар футболы да алға басуда. Сондықтан облыстағы кәсіпорындар мен жеке кәсіп иелерін "Алтай Өскемен" футбол клубын қаржылай қолдауға шақырамын, - деді облыс әкімі.