Өскемендегі 18 мектепте төрт мыңға жуық оқушы орны жетіспейді
Мәселені шешу үшін өткен жылы ШҚО-да 3000 орындық "Келешек мектебі" ұлттық жобасы бойынша жеті мектеп салынды, сонша мектеп облыс бюджеті есебінен ұйымдастырылды

Сондай ақ өңір бойынша 17 білім беру нысаны жөнделді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Негізінен жалпы білім беретін мектепте, балалабақшада орын жетіспеушілік мәселесі ЖМК ауданында байқалды (1 406 оқушы орны жетіспеді). Құрылысы ұзаққа созылған мың оқушыға арналған нысан биыл пайдалануға беріледі деген ақпарат бар, бұл мақсатта қаржы қарастырылған. ШҚО білім басқармасы мәлімдегендей, қалада тағы үш мектеп салынады. Спорт кешені шағын ауданында 600 орындық мектеп жобасы жасалуда. Одан өзге, 12 мектеп қайта құрылып, 50 оқу орны жаңғыртылмақ.
Сондай-ақ Сол жағалау ауданында балабақша кезегінде 1715 бала тұр. Былтыр қалада үш жеке менщік балабақша ашылып, бесеуі кеңейтілген болатын. Ал биыл Өскеменде тағы үш мектепке дейінгі білім беретін нысан ашылып, екеуінде орын саны 255-ке дейін көбейтіледі. Жалпы, ЖМК ауданындағы балабақшаларда орын тапшылығы мәселесін толық шешу үшін 2029 жылға дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде төрт білім беру нысанын салу жоспарланған.