Қазақстанда күзгі әскери шақырылым аяқталды
Биыл Шығыс Қазақстан облысынан 1300-ге жуық азамат Қазақстан Қарулы күштерінің қатарына шақырылды

Олар Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу үшін түрлі әскери бөлімдерге жолданып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне өз үлестерін қосуда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жуықта Шығыс өңірінен Ұлттық ұлан сапына бір топ сарбаз аттанды.
Биылғы күзгі шақырылым науқаны жоспарға сай және жоғары деңгейде өтті. Шығыс Қазақстан облысынан 1300-ге жуық жас азамат Қазақстан Қарулы күштері мен басқа да әскери құрылымдардың қатарын толықтырды. Ұлттық ұлан сапына соңғы команда аттанып отыр. Бұл – шақырылымның сәтті аяқталғанын білдіреді. Әскерге шақырылған жастардың моральдық-психологиялық дайындығына, медициналық тексерістен өтуіне және әскери бөлімдерге уақтылы жөнелтілуіне ерекше көңіл бөлінді. Біз әрбір сарбаздың қызметін қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде бастауын басты назарда ұстаймыз, - деді ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мерзімді әскери қызметке шақыру бөлімінің бастығы майор Ролан Смагулов.
Мерзімді әскери қызмет – жас азаматтардың патриоттық рухын нығайтып, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды мектеп. Биылғы күзгі шақырылымда Шығыстан айбынды әскер қатарына 615 сарбаз аттанды. Оның ішінде 308-і қорғаныс министрлігінде, 103-і ҰҚК шекара қызметінде, 174-і Ұлттық ұлан құрамында, 10-ы мемлекеттік күзет қызметінде, 20-сы төтенше жағдай қызметінде абыроймен борыштарын өтеуде.