ШҚО-да 5 мыңнан астам студент дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алады
Олар өндірістегі нағыз кәсіби мамандардың жанында біліктіліктерін шыңдауда

Шығыс Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылауға арналған облыстық форум өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE сайты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы еліміз үшін ерекше маңызға ие болды. Жыл бойы осы бағытта облыста айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Жаңа мамандықтар ашылып, шеберханалар мен зертханалар кезең-кезеңімен жаңартылып, мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғаюда. Биыл колледждерде оқуға 7 мыңнан астам орын бөлінді,- деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Бүгінде 5 мыңнан астам студент дуалды оқыту жүйесі бойынша өндірістегі нағыз кәсіби мамандардың жанында білім алып жатыр. Бір жыл бұрын колледждерге қамқорлық қолдау көрсететін кәсіпорындар саны 30 болса, қазіргі таңда олардың қатары 200-ден асып отыр.
Шара шеңберінде білікті кадрларды даярлауда, дуальды оқытуды дамытуда және жұмысшы мамандықтарының оң имиджін қалыптастыруда жоғары нәтижелер көрсеткен өңірдің кәсіпорындары мен колледждері марапатталды.
Жүлдегерлер:
- "Жылдың үздік меценаты" - "Казцинк" ЖШС,
- "Үздік әлеуметтік серіктес" - Өскемен ТМК, ҮМЗ, Өскемен ЖЭО,
- "Үздіксіз білім беру серіктесі" — С. Аманжолов ат. ШҚУ, Д. Серікбаев ат. ШҚТУ және ҚАЕУ.
Сондай-ақ WorldSkills, AgroSkills және Abilympics-2025 республикалық чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Шығыс Қазақстан облысының әкімі атынан бағалы сыйлықтар берілді.