Өскемендіктер Батырхан Төлеуғалиді әуежайдан күтіп алды
Таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионы бүгін үйіне оралды

Оны әуежайдан отбасы, достары, бапкерлері мен жанкүйерлері күтіп алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Батырхан Төлеуғали Кенияның Найроби қаласында өткен таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатында 87 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанған болатын. Ол шешуші жекпе-жекте Иран спортшысы Мохаммад Ализадені сенімді түрде жеңді.
Әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстаннан сонау Африкаға барып келдік. Осындай жетістікке жету мен үшін зор мәртебе. Туымыз көтеріліп, әнұран шырқалғанда ерекше сезімге бөлендім. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Енді дайындықты тоқтатпай, келесі жылы өтетін ауқымды жарыстарда бақ сынауды жоспарлап отырмын, - дейді спортшы.


