ШҚО-да жылыту маусымы басталғалы 120-дан астам өрт шыққан
Ауа райының күрт төмендеуіне байланысты өрт және көмірқышқыл газымен улану жағдайлары жиілейді

Осыған байланысты ШҚО ТЖД қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өңірде жылыту маусымы басталғалы бері 120-дан астам өрт орын алған. Оның ішінде 30 өрт электр жабдықтарын тиісінше пайдаланбаудан, 38-і пештерді қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан, 39-ы отты абайсыз қолданудан шыққан. Ақауы бар және түтін мұржалары тазартылмаған пештердің кесірінен 7 адамға иіс тиген, - деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқарушылар 34 800-ге жуық тұрғын үйді аралап, үй иелеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Алдағы күндері өңірде суық антициклон сақталып, ауа температурасы төмендейді деп болжануда.
Пеш жағу кезіндегі қауіпсіздік шаралары:
- Пешті тәулігіне бір рет қатты қыздырғаннан гөрі, бірнеше рет біркелкі жағу дұрыс.
- Пешті бензинмен, керосинмен немесе басқа да тез тұтанғыш сұйықтықтармен жағуға болмайды.
- Күл-қожды,, көмір қалдықтарын үй-жайдан 15 метр қашықтықта арнайы белгіленген орынға шығару қажет.
- Пешті ұйқыға жатпай тұрып 2 сағат бұрын тоқтату керек.
- Пештің есігін ашып, қараусыз қалдыруға, пешті жағуды балаларға тапсыруға болмайды.
- Пештің үстіне және қасына отын, киім немесе басқа да жанғыш заттарды қойып кептіруге қатаң тыйым салынады.
Аязды күндері электр жылытқыштарын пайдалану кезінде өрт қаупі артады, сондықтан құрылғылардың жарамдылығын қадағалап, электр желісін шамадан тыс жүктемеу, қондырғыларды әсіресе түнгі уақытта қараусыз қалдырмау қажет, - деп еске салады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.