ШҚО-да 82 жастағы әжені алаяқтар арбап, қомақты қаражатын қолды қылды
Қарияға қызы болып хабарласқан белгісіз біреу жол-көлік оқиғасына ұшырағанын айтып ақша сұраған

Артынша қария белгісіз ер адамға 1,5 млн теңге ұстатып жіберген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД ақпаратына сүйеніп.
Полицияға Өскемен қаласының 82 жастағы тұрғыны хабарласып, оның үйдегі телефонына белгісіз әйелдің қоңырау шалғанын айтқан. Зейнеткердің қызы ретінде сөйлескен ол жол-көлік оқиғасына ұшырағанын айтып, мәселені шешу үшін ақша қажет деп сендірген, - деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі. - Осылайша алаяқ қарт әйелді алдап, ақша беруге көндірген. Зейнеткер өз пәтерінде бейтаныс ер адамға қаражатты қолма-қол берген. Алаяқтардың әрекетінен келтірілген шығын 1 500 000 теңгені құрайды.
Полицейлер бейнебақылау инспекторларымен бірлесіп, күдіктіні жедел түрде анықтады. Ол – өзге облыстан келген 22 жастағы азамат болып шықты. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, тергеу әрекеттері жалғасуда.
ШҚО Полиция департаменті тұрғындарды абай болуға, әсіресе қарт кісілерге ерекше назар аударып, сөйлесіп тұруға шақырады. Бейтаныс адамдарға ешқашан ақша бермеуді және қандай да бір ақпаратты әрдайым жақындарыңыздан нақтылап отыруды ескертеді.
Күмән туындаған жағдайда бірден 102 арнасына хабарласу қажет.