ШҚО-да Ұлттық ұлан сарбаздары тұңғыш әскери театр ашты
Ертең Өскеменде алғашқы "Ант" драмалық қойылымның тұсаукесері болады

Әскери театр "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімінің өнерпаз сарбаздарынан құралған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл ерекше жобаның негізгі мақсаты — сарбаздардың рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейту, әскери борыш пен елге адал қызмет етудің маңызын көркем тілмен жеткізу, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің шығармашылық қабілеттерін дамыту және патриоттық құндылықтарды дәріптеу.
Шығармашылық топ жетекшісі - қатардағы жауынгер Рамазан Өмірзақ. Мерзімді әскери қызметші Youtube платформасында миллионнан астам қаралым жинаған "Бажалар" және "Сәке" сериалдарына түскен. Өнер иесі Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында "кино және театр актері" мамандығын тәмамдаған.
Ал қойылымдағы басты рөлдердің бірінде отандық "Патруль" сериалының актері Білімжан Тұрсынов ойнайды. Әскерге дейін ол Семей қаласындағы Абай атындағы музыкалық драма театрының белді актері болған.
Жастар арасындағы мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған қойылым "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиевтің қолдауымен 26 қараша күні Металлургтер мәдениет сарайында сағат 11.00 өтеді.