ШҚО-да қар көшкіні қауіпті кезеңі басталды
ШҚО-да 325 қар көшкіні шоғырлары, қар көшкіні түсу қаупі бар 93 км автомобиль жолдары, туристік және шаңғы базалары орналасқан

ШҚО ТЖД 15 қарашадан бастап өңірде қар көшкіні қауіпті кезеңі басталғанын ескертеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Қазселденқорғау" ММ филиалы 20 қар өлшеу - қар көшкіні бағыттары әзірленген, онда филиал мамандары қызмет көрсететін 160 қар өлшеу рейкалары орнатылған. Қар көшкіні түсу қаупі болуын, қар массасының жиналуын және қар құрылымын айқындай отырып, қар көшкіні шоғырларының жалпы жағдайын анықтау мақсатында апта сайын жерүсті тексерулері жүргізіледі. Демалыс аймақтарында, шаңғы базаларында және автожолдар бойында қар көшкіні қауіпті кезеңіне орай 40 ескерту қалқандары үш тілде дер кезінде орнатылды, – деп хабарлады "Қазселденқорғау" ШҚО филиалы.
Айта кету керек, өткен жылы 64 рет профилактикалық қар көшкіні жүргізіліп, жалпы көлемі 58 085 м³ қар түсірілген.
Мамандар мәліметінше, қар көшкіні негізінен қар қалың жиналатын таулы аймақтарда жүреді. Толассыз жауған қар, ауа температурасының құбылуы, шаңғышылардың қар беткейлерін басуы, қатты дауыс қар көшкініне себеп болу мүмкін.
Тауға шығар алдында ауа райы жағдайымен танысу қажет. "112" қызметінің дауылды ескертуі болған жағдайда қар көшкіні қауіпті маршруттарымен жүруге болмайды, - деп ескертті ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Аяулым Кекиева.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.