"Ауыл аманаты" бойынша ауыл тұрғындарына шағын несие беру қайта басталды
Бұл ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, халық табысын арттыруға және ауылдағы кооперацияны қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама

Ауылда кемінде бір жыл тұрған азаматтар мал шаруашылығын жүргізу үшін 8 000 АЕК-ке дейін жеңілдікпен шағын несие ала алады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бағдарлама 2025 жылғы 16 маусымдағы № 53 ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген жаңа микрокредиттеу және лизинг ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Бағдарламаның басым бағыттары:
- ірі қара малды бордақылау жобаларын жүзеге асыру;
- сүт-тауарлы фермаларды (СТФ) құру;
- ұсақ мал (қой, ешкі) өсіру.
Микрокредиттеу бойынша негізгі шарттар:
- сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-ға дейін;
- несиелеу мерзімі – 7 жылға дейін (ауыл шаруашылығы өндірісі мен өңдеу салалары үшін);
- жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін;
- кооперативтер мен өңдеу жобалары үшін несие сомасы – 8 000 АЕК-ке дейін.
Бағдарламаға фермерлік және шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы кооперативтері және жобаны іске асыратын елді мекенде кемінде 12 ай тұрақты тіркеуі бар ауыл тұрғындары қатыса алады.
Өтінімдер электрондық форматта amanatnesie.kz ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Бұл жүйе өтінім беру үдерісінің ашықтығын, жеделдігін және ыңғайлылығын қамтамасыз етеді.
Барлық толық ақпараттты Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша "Атамекен" микроқаржы ұйымынан (МҚҰ) алуға болады.