ШҚО-да көлеңкелі бизнестен 10 млрд теңге мемлекетке қайтарылды
Өңір экономикасының тұрақтылығына тікелей ықпал ететін бағыттар - активтерді қайтару, заңсыз жер қойнауын пайдалану, энергетика және кәсіпкерлік саласындағы көлеңкелі схемалар Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басты назарында

Департамент биыл залал көлемі 3 млрд теңгеден асатын 17 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп, 1,9 млрд теңгенің мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ең ірі істердің бірі — "Бипэк-Азия авто" компаниялар тобына қатысты тергеу болды. Тергеу нәтижесінде мемлекет кірісіне жалпы құны 11,6 млрд теңгеден асатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде автокөліктер, жылжымайтын нысандар, әуе кемелері және демалыс базасы бар, - дейді ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Муканов. - Маңызды жетістіктердің бірі - Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға тиесілі, алайда бұрын заңсыз иеліктен шығарылған "Алтай ШҚАТ" ЖШС ғимаратының мемлекет меншігіне қайтарылуы. Аталған нысанның құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Тергеу органдарының ұстанған қағидатты позициясының арқасында өңірдің стратегиялық маңызы бар білім беру нысаны мемлекет бақылауына қайта өтті.
Сонымен қатар, заңсыз жер қойнауын пайдалануға қарсы іс-қимыл күшейтілген. 2025 жылы Ұлан ауданының Шыбынды және Самар ауданының Құлынжон өзендерінің аңғарларында бағалы металдарды заңсыз өндірудің екі фактісі тіркелді.
Мемлекетке келтірілген залал 400 млн теңгеден асты. Тергеу барысында 6 келіден астам алтын (380 млн теңге), 56 мың АҚШ доллары және кен өндіруге арналған техника тәркіленді. Заңсыз өндірісті ұйымдастырған тұлғалар қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды, - дейді Тимур Муканов.
ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2025 жылы Telegram-арналар арқылы вейп құрылғылары мен сұйықтықтарын заңсыз сату фактілерін анықтады.
Әр арнаның мыңнан астам жазылушысы болған, ал өнімдер Өскемен қаласының тұрғындарына таратылған. Тергеу нәтижесінде 1 500-ден астам вейп тәркіленіп, арна әкімшілері мен куәгерлерден жауап алынды. Үш істің екеуі сотқа жолданды, бір іс бойынша үкім шықты, ал үшінші іс бойынша тергеу жалғасуда, - делінген құзырлы орган ақпаратында.