ШҚО әкімдігі кәсіпкерлерді қолдау үшін жеңілдетілген несие береді
Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету үшін "Шығыс Бизнес" бағдарламасы іске қосылған
Несие моноқалалардағы қызмет көрсету саласы, ағаш өңдеу өнеркәсібі, балық шаруашылығы, кеме жасау және жөндеу, жабдықтар мен арнайы техника өндірісі, тау шаңғысы туризмі, қонақ үйлер мен эко-демалыс базаларын салу, марал шаруашылығын дамыту және басқа да салаларға беріледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Досжан Болатбек мәлім етті.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың 2025 жылғы 14 шілдедегі тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаның басты ерекшелігі – жылдық 7% жеңілдетілген несие. Қаржыландыру облыстық бюджет пен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Жеңілдетілген несие екі жолмен беріледі. Атап айтқанда, 20 000 АЕК-ке дейінгі жобалар – "Oskemen-Atameken" МҚҰ арқылы, 20 000 АЕК-тен асатын жобалар – "Ертіс" ӘКК АҚ арқылы қаржыландырылады, - деді Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Досжан Болатбек.
Айта кетейік, бүгінде өңір бойынша 63,5 мың шағын және орта кәсіпкер жұмыс істейді.