ШҚО ұстаздары ЖИ бойынша тегін курстан өтеді
Педагогтерге арналған "Жасанды интеллект: педагог көмекшісі ретінде" тегін республикалық курсы басталды

Курсты AMANAT партиясы мен Daryn Ustaz педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығы бірлесіп әзірледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жоба Мемлекет басшысының Жолдауы мен білім беруді цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы тапсырмаларына толық сәйкес келеді.
Жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес, оның сенімді көмекшісі болуы тиіс. AMANAT партиясы ұстаздардың кәсіби мәртебесін көтеруге, еңбегін жеңілдетуге және білім беру процесіне озық технологияларды енгізуге бар күшін салады. Біз технология арқылы мұғалімнің уақытын қағазбастылықтан босатып, негізгі - бала тәрбиесі мен білім сапасына бағыттауды мақсат етеміз. Ұстаз мықты болса - ел мықты, - дейді "AMANAT" партиясы ШҚО филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нуркенов.
Жобаның негізгі мақсаты - ұстаздарға заманауи цифрлық құралдарды үйрету арқылы олардың жұмыс жүктемесін жеңілдету, сабақ пен бағалаудың сапасын арттыру және педагогтардың шығармашылық мүмкіндігін кеңейту.
Курста оқытылатын негізгі бағыттар:
- жасанды интеллекті сабақ жоспарлауда және оқу-әдістемелік материалдар әзірлеуде пайдалану;
- автоматтандырылған тестер мен бағалау жүйелерін құру;
- оқушы рефлексиясы мен оқу нәтижелерін талдау құралдарын енгізу;
- практикалық қолдануға бағытталған тренингтер мен шеберлік сағаттары.
AMANAT партиясының Жол картасына сәйкес жобаның бірінші кезеңінде 300 000-нан астам педагог қатысады деп жоспарланған.
Шығыс Қазақстан облысы білім беру саласында инновацияларды енгізуде белсенді өңірлердің бірі ретінде ерекшеленеді. Облыс педагогтары мен әдістемелік орталық мамандары жобаны практикалық тұрғыда жүзеге асыруға қатысады. Қала және аудандық білім басқармалары арқылы педагогтарды топтастыру, оқыту логистикаларын ұйымдастыру және сапа бақылауы жүргізілетін болады.
Бұл курс тек теория емес, нақты практикалық шешімдер жиынтығы. Қатысушылар AI құралдарын сабақ жоспарын, бағалау тапсырмаларын және оқу материалдарын жылдам әрі сапалы дайындауда қолдануды үйренеді. Нәтижесінде мұғалімнің уақыты үнемделіп, оқушылармен шығармашылық және тәрбиелік жұмысқа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік ашылады, - дейді "Daryn Ustaz" педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығы" ЖШС бас маманы Айбат Теміржан.
Жоба нәтижесінде үздік шыққан педагогтер офлайн форматтағы педагогикалық хакатондарға шақырылып, ең үздік 20 мұғалімге Оңтүстік Кореяда тәжірибе алмасу мүмкіндігі беріледі. Бұл бастама білім беру жүйесінде инновацияларды тұрақты түрде енгізу және педагогтардың халықаралық тәжірибе алмасуын қамтамасыз етуге бағытталған.