ШҚО-да хоккейден әйелдер арасындағы Азия чемпионаты өтеді
Бұл – елімізде соңғы тоғыз жылда өткізілетін алғашқы халықаралық әйелдер турнирі

Чемпион атағы үшін Қазақстан, Жапония, Қытай және Корея құрамалары сынға түседі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
5–8 қараша аралығында Өскемен қаласындағы Борис Александров атындағы Спорт сарайында хоккейден әйелдер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Турнирді Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) аясында Қазақстан хоккей федерациясы, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және "Торпедо" хоккей клубы ұйымдастырады.
Өткен жылы Қытайда өткен алғашқы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлде иеленген болатын. Биыл ақпанда өткен Азия ойындарында қазақстандық хоккейшілер Қытай мен Корея құрамаларын жеңіп, күміс медальға қол жеткізді. Ал алтын жүлде Жапония құрамасына бұйырды - олар Азиядағы ең мықты команда саналады және бұған дейін өткен олимпиадалық іріктеу турнирінде жеңіске жетіп, 2026 жылы Миланда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алған болатын.
IIHF әйелдер рейтингінде Жапония 7-орында, Қытай 12-орында, Корея 18-орында, ал Қазақстан 22-орында (2024 жылғы сәуірдегі дерек).
Ойын кестесі:
5 қараша
- 16:00 — Қытай vs Корея
- 19:30 — Қазақстан vs Жапония
7 қараша
- 14:00 — Жапония vs Корея
- 17:30 — Қытай vs Қазақстан
8 қараша
- 14:00 — Жапония vs Қытай
- 17:30 — Корея vs Қазақстан
Барлық жанкүйерлер үшін кіру тегін.