Алаяқтар СЭС қызметкерлері атынан кәсіпкерлерді алдап жүр
ШҚО СЭБД қызметкерлері атынан өңір кәсіпкерлеріне күмәнді қоңыраулар мен WhatsApp мессенджері арқылы хабарламалар келген

Алаяқтар азаматтардан SMS-кодтар мен жеке деректерді сұрап, күдікті сілтемелерге өтуді ұсынған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл туралы кәсіпкерлердің өздері Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шағымданған.
Аталған хабарламаларда жалған ақпарат берілуде - яғни, алда болатын тексерулер, айыппұлдар немесе деректерді шұғыл растау қажеттігі туралы мәліметтер таратылуда. Алаяқтар азаматтардан SMS-кодтар мен жеке деректерді сұрап, немесе күдікті сілтемелерге өтуді ұсынуда, - деп ескертті ШҚО СЭБД. - Департамент мұндай хабарламалар жібермейді және азаматтар мен кәсіпкерлерден жеке, банктік немесе өзге де құпия ақпаратты бейресми байланыс арналары арқылы сұрамайды.
Мұндай хабарламалар немесе қоңыраулар түскен жағдайда:
- күдікті сілтемелерге өтпеңіз;
- жеке деректеріңізді, кодтар мен парольдерді хабарламаңыз;
- дереу құқық қорғау органдарына немесе Қазақстан Киберполициясына хабарлаңыз: https://cyberpolice.kz
Мемлекеттік органдар тарапынан:
- WhatsApp арқылы төлем сілтемелерін таратпайды;
- Хабарлама арқылы қамауға алу немесе жазалау туралы қорқытпайды;
- Картаға ақша аударуды сұрамайды;
- SMS арқылы келген сайт арқылы "жедел тұлғаны растауды" талап етпейді.