ШҚО-да есірткіні орап-қаптаушы екі мыңнан астам мефедрон дозасымен ұсталды
Өскемен қаласында полиция қызметкерлері облыс прокуратурасының көмегімен есірткі сататын интернет-дүкеннің 23 жастағы қызметкерін тұтқындады

Күдіктінің автокөлігін тінту кезінде полимерлік екі қаптамаға салынған ақ түсті ұнтақ тәрізді зат табылып, тәркіленді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген психотроптық зат мефедрон екені анықталды. Оның жалпы салмағы 2 келіден асады, бұл 2000-нан астам бір реттік дозаға тең. Аталған факті бойынша "Есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері ШҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 225 есірткіге қатысты құқықбұзушылықты анықтағанын айта кету қажет. Заңсыз айналымнан 590 келіден астам есірткі заты тәркіленіп, есірткі сату дерегі бойынша 13 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған 11 фитозертхананы жойды.