ШҚО-да сүт өндірісі 13 пайызға артты
Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім байқалып отыр

ШҚО мәслихатының кезекті 24-ші сессиясында облыс әкімі нақтылап өткендей, сүт өндірісі 13%-ға артып, агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңдеу үлесі 70%-ға жеткен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында 89 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асырылып келеді. 7 жоба биыл іске қосылады. Оның ішінде қуаттылығы жылына 150 мың тоннаны құрайтын "Алтай май" май экстракциялық зауыты бар, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Президенттің суды ұтымды пайдалану жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Ұлан, Зайсан және Тарбағатай аудандарында су үнемдейтін технологиялар белсенді түрде қолданылып жатыр. Агрохабтар мен логистикалық орталықтардың дамуына да ерекше назар аударылған.
Өскеменде сыйымдылығы 45 мың тоннаға жететін заманауи көкөніс қоймалары бар "Алтай" көтерме-бөлшек сауда орталығы пайдалануға берілді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге нарыққа тікелей шығып, тұрғындарға қолжетімді бағамен сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік жасап отыр. Сондай-ақ 2026 жылдың ортасына дейін барлық қайтарылған жерлерді айналымға тарту жоспарланған. Қазіргі уақытта 423 мың гектар жердің 97 мыңы игерілді, - деді аймақ басшысы.