ШҚО би ансамбльдері Қытайдан жеңіспен оралды
"Алтай" халық би ансамблі мен "Барқытбел" этно-фольклорлық ансамблі ЮНЕСКО қолдауымен ҚХР-да өткен үшінші халықаралық өнер фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды

Ауқымды мәдени шарада әлемнің түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұжымдары бас қосты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шығысқазақстандық би ансамбльдері қазақ халқының тарихы мен бай мәдени мұрасын паш етіп, шеберліктерімен көрерменнің көңілін баурап алды.
Биыл "Алтай" ансамблі өзінің 5 жылдық мерейтойын атап өтуде. Халықаралық деңгейдегі бұл жеңіс ұжымның таланты мен табандылығының, өнерге деген адалдығының айқын көрінісі болып отыр.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ансамбль ұжымымен кездесіп, жеңістерімен құттықтады.
Қазақ өнері әлем жұртын сүйсінтіп, шабыттандырып келеді. "Алтай" мен "Барқытбел" – біздің мәдениетіміздің жарқын елшілері әрі Шығыс Қазақстанның мақтаныштары, – деді аймақ басшысы.
ЮНЕСКО өкілдері де шығысқазақстандық ансамбльдердің өнерін жоғары бағалап, оларды бүкіл құрлықтың үздіктері деп атады.