ШҚО-да тоғыз ай ішінде жарты тоннадан астам есірткі тәркіленді
ШҚО Полиция департаменті есірткіге қатысты 225 құқықбұзушылықты анықтады

Шығыс Қазақстан облысында есірткі қылмысына қарсы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ағымдағы жылдың 9 айында 590 килограммнан асатын әртүрлі есірткі заты, соның ішінде 3 килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Облыс аумағына есірткі жеткізген 4 ірі арна әшкереленіп, тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған 11 фитолаборатория жойылды. Есірткіні жарнамалаумен және насихаттаумен айналысқан шамамен 700 интернет-ресурсы бұғатталды, - деп хабарлады ШҚО ПД.
Ішкі істер министрі жариялаған "Профилактика жылы" аясында жастар арасында есірткіге тәуелділіктің және есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында 450-ден астам шара өткізілді.
Полиция қызметкерлері азаматтармен ашық диалог алаңдарында тұрақты түрде кездесіп, есірткінің заңсыз айналымы үшін жауапкершілікке қатысты заңнамалық өзгерістерді түсіндіруде. Жастармен өткізілетін кездесулер барысында есірткінің таралуына байланысты нақты оқиғаларға негізделген деректі фильмдер көрсетіліп, қылмыстық әрекетке тартылудың алдын алу мақсатында ескерту жұмыстары жүргізіліп жатыр.