ШҚО-да адамдарды ит-мысық тістеу жағдайлары жиілеген
Ит пен мысық тістеп немесе тырнап дәрігерге жүгінгендер саны 26%-ға артып, 2112 адамды құрады

Дегенмен тұрғындар арасында құтыру мен сібір жарасы деректері тіркелген жоқ, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жануарлар арасында бір құтыру ошағы анықталды. Ол Тарбағатай ауданында тіркеліп, ірі қара мен иттен ауру белгілері табылған. Барлық байланыста болған адамдар құтыруға қарсы екпенің толық курсын алды, - деді ШҚО бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Жануарлар тістеп немесе жарақат салғаннан кейін медициналық көмекке жүгінгендердің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26% артып, 2112 адамды құрады. Жарақаттардың басым бөлігі (81,6%) иттердің, ал (16,3%) мысықтардың тістеуі мен тырнауынан болған. Залал келтірген жануарлардың жартысынан астамы иесіз екені анықталды.
Құтырудың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, кейбір өңірлерде екпеден бас тарту жағдайлары әлі де кездеседі. Мұндай алты дерек Марқакөл, Глубокое, Тарбағатай аудандарында және Риддер қаласында тіркелді, - дейді маман. - Ауру жұқтыру қаупі жоғары санатқа ветеринарлар, аңшылар, орман қызметкерлері мен зертхана мамандары кіреді. Биыл бұл санаттағы 478 адам екпе алды.
Есепті кезеңде облыс аумағында бруцеллездің 18 жағдайы тіркеліп, оның біреуі жасөспірім арасында анықталған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 40% төмен. Жалпы, 17 індет ошағы тіркеліп, 46 байланыста болған адам тексерілді. Олардың бірінен ауру белсенді түрде анықталды. Бруцеллез жұқтыру деректерінің басым бөлігі (88,9%) ауыл шаруашылығы жануарларынан, соның ішінде ірі қара малдан тараған.
Сібір жарасының адам арасында таралуы Шығыс Қазақстан аумағында тіркелген жоқ. Дегенмен республика көлемінде 21 жағдай тіркелген, олардың арасында балалар да бар. Облыста аурудың алдын алу бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қауіп-қатері жоғары сала мамандарына жыл сайын профилактикалық екпе егіледі, - дейді Сәуле Слямғазина. - 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша сібір жарасына қарсы 385 адамға вакцина салынды, бұл жоспардың 62,8% құрайды. Қазіргі уақытта облыс аумағында сібір жарасының 101 топырақ ошағы бар. Бұл жерлерді шаруашылық мақсатта пайдалануға қатаң түрде тыйым салынған.