Жыл сайын Қазақстанда трансплантацияны қажет ететін 300-ден астам адам өмірден озады
Бүгінде Қазақстанда ағза ауыстыруды күту парағында 4 384 пациент, олардың ішінде 121 бала бар

Пациенттердің 91%-ы – бүйрек трансплантациясын қажет ететіндер, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация және жоғары технологиялық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының ақпараты бойынша, бауырды 222 пациент, жүректі – 149, өкпені – 27, өкпе-жүрек кешенін – 6 адам күтуде.
2012 жылдан бері Қазақстанда 3 200-ден астам ағза трансплантациясы жасалды, олардың негізгі бөлігін тірі донорлардан жасалған операциялар құрайды, - дейді орталық директорының м.а. Назгүл Жангелдина. - 2023 жылдан бастап консервацияланған мөлдір қабықты трансплантаттау енгізілді, 308 ауыстырып салу операциясы жасалды. Алайда бүкіл жүйенің дамуы ең алдымен қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа тікелей байланысты болып отыр.
eGov.kz порталында 135 мыңнан астам ерік білдіру өтініштері тіркелген, бірақ олардың ішінен небары 10 724 адам ғана қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген, ал 112 мыңнан астам адам бұдан бас тартқан.
Донорлық үдерістердің ең жоғары белсенділігі Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында байқалады. Ал Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды өңірлерінде көрсеткіштер өте төмен деңгейде қалып отыр. Қоғамда донорлық туралы түрлі қате түсініктер: отбасының келісімінсіз ағзалардың алынуынан қорқу, ағзаларды бөлу процесінің ашықтығына күмән және діни стереотиптер әлі де кең таралған, - дейді Назгүл Жангелдина.
Келешекте нормативтік базаны жетілдіру, донорлар мен реципиенттерді есепке алудың ЖИ элементтері бар медициналық ақпараттық жүйесін енгізу, донорлардың отбасын әлеуметтік қолдау, сондай-ақ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықты өңірлердегі филиалдары бар ұлттық орталыққа айналдыру жоспарлануда. Бұл қадамдар донорлықты дамыту жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспармен бірге процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғамның сенімін нығайтуға тиіс.
Қазақстанда ағзалық донорлық белсенді дамудың кезеңінде тұр. Тірі донорлардан ағза трансплантациясы жүйелі түрде жүргізіліп келеді, алайда мыңдаған адамның өмірін сақтап қалудың кілті – қайтыс болғаннан кейінгі донорлық болып табылады.