Биыл ШҚО ауыл шаруашылығы өнімдері экспортынан 343 млн АҚШ доллар пайда көрді
ШҚО әкімі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті

ШҚО-дағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетіндігі түсіндірілді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгінгі кездесудің мақсаты – агроөнеркәсіптік кешен саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы облыс халқын хабардар ету. Шығыс Қазақстанда бұл сала тұрақты дамып келеді. Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде өңірдің үлесі 6%-ды құрайды, - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жиналғандарға мал және өсімдік шаруашылықтарын дамыту үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатқанын, арнайы бағдарламалар жайлы және субсидияларды қалай алуға болатыны туралы жан-жақты айтып берді. Сондай-ақ кездесу барысында көпті толғандырған сауалдарға жауап беріліп, саладағы өзекті мәселелер талқыға салынды.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан ел бойынша ауыл шаруашылығы саласын дамытуда алдыңғы лекте тұр. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өңірден экспортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 343 млн АҚШ долларынан асқан.