Енді онлайн рәсімделген несие ақшасы есепшотқа бірден аударылмайды
30 қыркүйектен бастап елімізде онлайн несиелерге қатысты "салқындату кезеңі" енгізілген

Бұл азаматтарды алаяқтық схемалар мен асығыс қаржылық шешімдерден қорғауға бағытталған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД ақпаратына сүйеніп.
"Салқындату кезеңі" деген - несие шартына қол қойылғаннан кейін 8 сағаттан 24 сағатқа дейінгі уақыт аралығы, осы кезең ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушыға ақшалай қаражатты аудара алмайды. Көрсетілген уақыт аралығында клиент өз шешімін өзгертіп, несие алудан себепсіз бас тарта алады. Бұл жағдайда шарт автоматты түрде жойылады, - деп ескертеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері қазақстандықтарды сақ болуға шақырады. Алаяқтардың алдауына түсіп қалмас үшін жеке деректерді бөгде адамдарға беруге болмайды. Қаржылық операциялар жасар алдында ақпаратты мұқият тексеріп, банктерден кеңес алу қажет.
Күдік туған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласу керек.