ШҚО-да биыл "102-ге" 500-ден астам қоңырау түскен
"102" мобильді қосымшасы мен eGov Mobile, Kaspi, Halyk платформаларына "Заң мен тәртіп" сервисі енгізілген

Осы сервистер арқылы облыс тұрғындары кез келген құқықбұзушылықтар туралы жедел хабарлай алады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жыл басынан бері ШҚО ПД Жедел басқару орталығына "102" қосымшасы арқылы 500-ден астам өтініш түсті. "Қоңырау шалу" батырмасын басқан сәтте кезекші операторға азаматтың орналасқан жері белгілі болады, ол жағдайды телефон камерасы арқылы бағалап, ең жақын полиция жасақтарына қарай бағыттай алады.
Бұл өте ыңғайлы әрі жылдам, - дейді ЖБО кезекшісі, полиция майоры Жәнібек Нұртазов. - Әсіресе төтенше жағдайларда әрбір секунд маңызды. Қосымша қоңырау шалумен қатар, оқиға орнынан фото, бейне немесе аудио материалдарды жіберуге мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар, түскен 500 өтініштің ішінде 260-тан астамы Kaspi және өзге де кеңінен қолданылатын платформалардағы "Заң мен тәртіп" сервисі арқылы тіркелген. Барлық хабарламалар заң талаптарына сәйкес қаралып, тиісті шаралар қабылданады.