ШҚО-дағы инвестиция көлемі 2,3 трлн теңгеге жеткізілмек
Өскеменде "Altai Invest-2025" халықаралық инвестициялық форумының пленарлық сессиясы өтті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің келешектегі даму мүмкіндіктері жайлы айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Altai Invest-2025" форумына әлемнің бірнеше елінен инвесторлар, дипломаттар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып жатыр.
Өнеркәсібі дамыған Шығыс Қазақстан ел бойынша гидроэнергетика мен металлургиядағы жетекші аймақ. Күнбағыс майын өндіруден ең алдыңғы орында тұрмыз. Сүт өнімдерінің саудасы да қарқынды дамып келеді. “Алтай балы”мен MIGLIOR минералды суы халықаралық деңгейде танымал брендке айналды. Катонқарағайдан бастап Риддердің тау шаңғысы курорттарына дейінгі орасан зор туристік әлеуетіміз бар, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
2030 жылға дейін аймақтағы жалпы өнімді 2 есеге жуық арттыру көзделген. Негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемін 2,3 трлн теңгеге жеткізу, жаңа өндірістер ашып, мыңдаған жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Өңіріміздің басты басымдықтары - сирек кездесетін металдарды қайта өңдеу, атом саласын дамыту, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыратын "Ақылды қала" жобаларын іске қосу. Шығыс Қазақстан – мүмкіндіктер мекені. Бізде табиғи ресурстар, білікті кадрлар мен қажетті инфрақұрылым бар. Инвесторлар мен серіктестерді жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын. Сол жобалардың нәтижесінде Шығыс Қазақстан одан сайын өркендей түседі деп сенеміз, - деді Нұрымбет Сақтағанов.