Зайсаннан Үрімшіге ұшақ ұшуы мүмкін
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұлықбек Тұмашинов Үкіметке ШҚО-дағы туристік бағыттарды дамыту бойынша бірнеше сауал жолдады

Депутат бұл жобалар жүзеге асса, Шығыс Қазақстан халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналып, жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджетке қосымша салық түседі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізде туризмді дамытуға ерекше назар аударды. Бұл бағытта Шығыс Қазақстан облысының әлеуеті орасан зор. Табиғаты әсем өлкеміз халықаралық деңгейде туризмді дамытуға толық мүмкіндік береді.
Туризм – жаңа құрылған шекаралық аудандардың дамуына, экономикасының өсуіне және халықты жұмыспен қамтуға серпін беретін стратегиялық сала, - дейді Ұлықбек Тұмашинов. - Мәселен, бүгінде Өскеменнен басталып, Ұлан, Самар, Күршім, Тарбағатай, Зайсан аудандары арқылы Марқакөлге жетіп, әрі қарай Қатонқарағайға жалғасатын туристік маршрут бар. Соңғы жылдары бұл бағытты таңдаған туристердің саны бірнеше есе артты. Алайда инфрақұрылымның жеткіліксіздігі (қонақ үй, тамақтану, сервис сапасы); экологиялық тәуекелдер; ұлттық парктер мен қорықтарды сақтау қажеттілігі сынды шешілмеген мәселелер де аз емес.
Депутат жергілікті халық туризмнен табыс тауып жатқанын, бірақ бұл жеткіліксіздігін және осыны ескере отырып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Депутаттық сауал:
- ШҚО бойынша туристік бағыттарды дамытуға арналған жол картасын қабылдау;
- 2026-2028 жылдар республикалық бюджетіне жаңа әуе бағыттарын субсидиялау;
- Зайсан – Үрімші бағытын ашу мүмкіндігін қарастыру;
- Марқакөл мен Зайсанда шетелдік туристерге арналған демалыс орындары мен ойын-сауық нысандарын салуға инвестиция тарту;
- Глубокое ауданы мен Риддер қаласында тау шаңғысы курорттарын салуды "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ арқылы қаржыландыруды қамтамасыз ету.