ШҚО-дағы құтқарушылардың техникасы жаңартылды
Шығыс Қазақстан облысының ТЖД қызметкерлері қауырт жұмысқа қажетті жаңа техникалармен қамтылды

Оларға түрлі көліктердің кілтін табыс ету салтанатына ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Аймақ басшысы өз сөзінде төтенше жағдайлар органдарын дамытудың аса маңызды құрамдас бөлігі – материалдық-техникалық базаны үнемі нығайту екендігін атап өтті.
Биыл Төтенше жағдайлар министрлігі елді мекендердің өртке қарсы қорғанысын нығайту үшін “Ауыл құтқарушылары” бағдарламасын қолға алғаны белгілі. Табиғи жағдайлар мен ауылдар арасындағы қашықтыққа байланысты облысымызда жедел әрекет ету аса маңызды. Осы ретте материалдық-техникалық базаны үнемі нығайтып отырудың рөлі зор. Жыл сайын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа автокөліктер мен жабдықтарды сатып алуға жағдай жасалып келеді. Жаңа техника құтқарушыларға қызметтік міндеттерін сапалы орындауға мүмкіндік жасап, талай адамның өмірін және дүние мүлкін құтқаруға көмектесетініне сенімдімін, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс құтқарушыларына жұмысқа қажетті түрлі техникалар табысталды. Сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келе жатқан қызметкерлер мен белсенді өңір жұртшылығы алғыс хаттармен марапатталды.