ШҚО онкология орталығында метастаздарды емдеудің жаңа әдісі енгізілді
Енді өкпе метастаздарын стереотаксикалық радиотерапия (SBRT) әдісімен, тынысты терең ішке алып кідірту техникасы (DIBH) қолданылмақ

Бұл әдісті көпсалалы онкология және хирургия орталығының дәрігерлері Минскіге барып меңгеріп келді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Орталықтың онкологы, медициналық физик, сәулелік жабдықтар бойынша мейіргер мамандар Беларусь Республикасындағы Минск қалалық клиникалық онкология диспансерінде тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін арттырды.
Алынған білім тәжірибеге жаңа әдісті енгізуге мүмкіндік берді. Бұл әдіс зақымданған ошаққа нүктелік әсер етуге, сонымен қатар сау тіндерді барынша сақтауға жағдай жасайды. Терапияны жоспарлау барысында Active Breathing Control (ABC) – тыныс алуды бақылау жүйесі, IGRT – пациенттің орналасуын күнделікті верификациялау, IMRT/VMAT – дозаны модуляцияланған жеткізу әдістері белсенді қолданылады. Мұның барлығы 1–3 ошақпен шектелген метастаздары бар, бастапқы ісігі тұрақты және жалпы жағдайы қанағаттанарлық науқастар үшін емді барынша тиімді етеді, - деп мәлімдеді орталықтың баспасөз қызметі.
Өкпе метастаздарын емдеумен қатар орталықта сүйек метастаздарында: қабырға, омыртқа, сегізкөз, жамбас сүйектері; сондай-ақ миға таралған метастаздарда, яғни, 4–5 ошаққа дейін стереотаксикалық сәулелік терапия және радиохирургия әдістері қолданылады. Ол үшін Elekta Versa HD жоғары дәлдікті үдеткіштері, нақты бекіту жүйелері және IGRT пайдаланылады.
Стереотаксикалық терапия ең тиімді әрі ағзаны барынша сақтайтын әдістердің бірі. Ол жоғары жергілікті бақылауды қамтамасыз етеді, амбулаториялық жағдайда жүргізіледі, асқынуларының саны аз болады, емдеу мерзімін қысқартады.
Қазіргі таңда стереотаксикалық сәулелік терапия онкологиялық орталықтың күнделікті клиникалық жұмысының бір бөлігіне айналды. Жаңа технологиялар метастаздарды жергілікті емдеудің көрсеткіштерін кеңейтіп, тіпті аурудың метастатикалық сатысында да пациенттердің өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беруде.