ШҚО-да қазақ-неміс ғылым және технология консорциумы құрылды
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Моника Иверсен консорциумын құру туралы келісімге қол қойды

Консорциум құрамына Қазақстан мен Германияның 7 жоғары оқу орны кірді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО әкімдігі ақпаратына сүйенсек, ынтымақтастық ғылым, технология және сирек жер металдарын қайта өңдеу бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Шығыс Қазақстан минералдық-шикізат қоры бай болғандықтан серіктес ретінде таңдалып отыр.
Облысымыз үшін жоғары технологиялық жобалардың маңызы ерекше. Осы ретте Тұғыл ауылында салынуы жоспарланған тау-кен байыту комбинатын, "Alatau Lithium" және "Creada Corporation" компанияларының жобаларын атап өткен жөн, – деді Нұрымбет Сақтағанов.