Өскемендік ұстаздардың жобасы Латвиядағы фестивальға жолдама алды
Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология және өнер пәні ұстаздары ұсынған қағаз қалдықтарынан жасалған экокапсулалар бойынша жобасы - экологиялық білім берудің тың үлгісі

Өскемендік ұстаздар Қазақстанды халықаралық деңгейде таныстыратын болады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздарының жобасы Science on Stage Kazakhstan жобасында білім саласындағы үздік жобаларының бірі ретінде танылып, Латвияда өтетін Еуропадағы ғылым мен техниканы оқытудың инновациялық фестиваліне жолдама алды.
Science on Stage Kazakhstan – бұл Еуропадағы ғылым мен техниканы оқытудың инновациялық фестивалінің ұлттық іріктеу кезеңі.
Ұстаздар биология пәні мұғалімі Малика Бағланқызы мен өнер пәні мұғалімі Альмира Рысбекқызы ұсынған "Seed Capsule Box: биоразлагаемые капсулы из макулатуры как инструмент экообразования" жобасы экологиялық білім берудің тың үлгісі ретінде бағаланды. Жоба қағаз қалдықтарынан жасалған экокапсулалар арқылы жас ұрпаққа табиғатты қорғаудың маңызын тәжірибелік жолмен түсіндіреді. Бұл әдіс оқушыларды ғылымға тартып қана қоймай, олардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал етеді, - деп мәлімдеді Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.
Ұлттық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік деп танылған бұл жоба Қазақстанды халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік алып отыр. Алдағы Латвиядағы фестивальде қазақстандық педагогтер Еуропаның үздік ұстаздарымен қатар тұрып, тәжірибе алмасып, тың идеяларын әлемдік білім кеңістігіне ұсынбақ.