Қазан айында шығыста халықаралық құсбегілер фестивалі өтеді
Биылғы фестивальде ұлттық ойындардан өзге, ақындар айтысып, эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылмақ

"Шығыс Салбұрыны" жыл сайынғы дәстүрлі халықаралық турнирге айналған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Шығыс Салбұрыны-2025" 9-11 қазан аралығында Ұлан ауданы, Бозанбай ауылы маңындағы “Бүркіт төбе” алаңында өтеді.
Бұл дүбірлі додада еліміздің әр түкпірінен және 7 шет мемлекеттен келген құсбегілер бас қосады.
Қыран құсты (бүркіт) қолға шақыру, құсты (бүркіт) еркін ұшуы, бүркітті шырғаға салу, бүркітті қоянға салу, бүркітті түлкіге салу, тазы иттерді жүгірту, асау жылқы үйрету сынды жарыстар болады.
11 қазанда фестивальдің ақтық бәсекелері өтіп, үздіктер марапатталады. Бұл күні еліміздің танымал ақындары шоу-айтыс жасап, өнер жұлдыздары әсем әннен шашу шашады.