Өскеменде жолдан өтіп бара жатқан адамды көлік қағып мерт қылды
Оқыс оқиға 15 қыркүйек күні кешкі уақытта Назарбаев даңғылы мен Кривоносов көшелерінің қиылысында орын алған

Nissan Terrano жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан адамды қағып кетті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Алған жарақатының салдарынан әйел адам оқиға орнында көз жұмды. ШҚО ПД баспасөз қызметі жол-көлік апатына байлайнысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын, оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
Жол сақшылары жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де жол үстінде абай болуды ескертті. Әсіресе жолдан тек рұқсат етілген орындардан өту керек.
Ал жергілікті тұрғындар біздің редакцияға Назарбаев даңғылы мен Кривоносов көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткеліне бағдаршам орнату мәселесін шешуге жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгінді. Олардың пікірінше, кешегідей қайғылы оқиғалардың қайталанбауы үшін бұл маңда реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі болуы керек. Қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі жергілікті тұрғындар мұндай өтінішпен тікелей полиция әкімшілігіне жазбаша түрде жүгінуі қажеттігін ескертеді. Ал ШҚО ПД баспасөз қызметі қалалық әкімдіктегі кезекті отырыста осы ұсынысты көтеріп, әріптестеріне жеткізуге уәде берді.